ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ – ҚОҒАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІП

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ – ҚОҒАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІП

23.12.2020 Выкл. Автор mseditor

Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр.

Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қ.Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды.
Расында, әлем бойынша жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде болатын өлім-жітім саны алдыңғы қатарда келеді. Ол әсіресе, ірі мегаполистер мен халық шоғырланған орталықтарда көп кездесетіні анық.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы жол-көлік оқиғаларын тергеу жүргізу бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Мадияр Мантеевтың айтуынша, ағымдағы жылы қалада жол-көлік оқиғасының (ЖКО) саны былтырғы жылмен салыстырғанда әлде қайда кеміген. 2019 жылы жалпы ЖКО саны 222 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде 63 қылмыстық іс сотқа жолданған, ал, 2020 жылы 173 қылмыстық іс тіркелсе, оның ішінде 77 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Бұл жағдай адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер ететіні белгілі. Халықаралық туристер үшін елді-мекендердің қауіпсіздігі мен қозғалыс мәдениетіне де басымдық беріледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітімнің келесідей негізгі себептері анықталған:
– Жылдамдықты шегінен асыру
– Алкоголь мен психотроптық заттарды пайдаланған күйде көлік жүргізу
– Мотоциклдердің арнайы шлемдері, қауіпсіздік белбеуі және балаларға арналған орындықтардың қолданылмауы.
– Смартфондар мен басқа құрылғыларға ойдың бөлінуі
– Жол инфрақұрылымының жасалмауы
– Көлік құралдарының техникалық ақаулары
– Көлік оқиғасынан кейін уақтылы медициналық көмектің көрсетілмеуі
– Жол ережесінің сақталмауы.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы ПД жол-көлік оқиғаларын тергеу жүргізу бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Мадияр Мантеев «Автокөлік жолдарындағы жол – көлік оқиғаларының себептері» туралы да тоқталып өтті:
«Аталған себептердің ішінде елімізде жиі кездесетін 3 себеп туралы кеңінен тоқталып өткім келеді.
1) Жылдамдықты шегінен асыру. Орташа жылдамдықтың асырылуы ЖКО болу ықтималдылығы мен оның салдарының ауыртпашылығына да тікелей әсер етеді. Мәселен, орташа жылдамдықтың шамадан 1 пайызға асуы өлімге апарып соғатын ЖКО ықтималдылығын 4 пайызға, ауыр авариялардың болуын 3 пайызға ұлғайтады. Көліктер соққан жаяу жүргіншілердің өлімі тез артады (65 км/сағ жылдамдықта өлім көрсеткіші 50 км/сағ жылдамдықпен салыстырғанда 4,5 есе артады). 65 км/сағ жылдамдықтағы көліктердің жанына соққысында жүргізушілер мен жолаушылардың өлім қаупі 85 пайызға тең болады.
2) Алкогольдік ішімдіктер мен психотропты заттарды пайдаланған күйде көлік жүргізу.
Алкогольдік ішімдіктер мен психотропты заттар, нашақорлық препараттарының әсерімен көлік жүргізгенде өлім мен ауыр жарақатқа әкелетін көлік оқиғасының ықтималдылығы әлдеқайда артады. Мас күйінде көлік жүргізгенде қан құрамындағы алкогольдің көрсеткіші 0,04 г/дл немесе одан жоғары болса, көлік апатының қаупі ұлғаяды. Нашақорлық заттардың қолданылу деңгейіне байланысты көлік апатының ауырлығы да артады.
Мысалы, амфетамин қолданған адамның өлімге әкелетін көлік апатына ұшырауы сау адаммен салыстырғанда бес есе көп болады.
3) Смартфондар мен басқа құрылғыларға ойдың бөлінуі. Көлікті жүргізуге кедергі келтіретін, жүргізушінің назарын бұратын факторлар өте көп. Дегенмен, смартфон қолданысының кең тарауына байланысты жолдағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті болып келеді. Көлік жүргізіп келе жатып мобильді телефон пайдаланатындардың апат қаупі оны қолданбайтындардан төрт есе жоғары. Жүргізушілердің телефонға қарауы реакцияның баяулауына, әсіресе жол қозғалысы белгілеріне тоқтау-тоқтамау, жол сызықтарынан шығып кету, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау, жаяу жүргіншілерді байқамай қалуға тікелей әсер етеді. Телефонды арнайы құлаққап немесе дыбысын зорайтқыш арқылы пайдалану қауіпсіз болғанымен, мәтіндік хаттар жазу, мультимедиалық материалдар көру көлік апатына апарып соғуы әбден мүмкін.»