Тыйым салынған заттарды жарнамалайтын сайттарды бұғаттау

Тыйым салынған заттарды жарнамалайтын сайттарды бұғаттау

28.10.2020 Выкл. Автор mseditor

Есірткіні қолданудан болатын құқық бұзушылықтар санының артуына оны жарнамалайтын интернет сайттар, әлеуметтік желі парақшаларының тигізіп жүрген ықпалы мен қоздырғыш күші жасырын емес.

Мұндай мазмұндағы жарнамалардың ауқымын тоқтатудың басты жолдардың бірі – аталған бағыттарда жарнама жүргізетін сайттар мен парақшаларды бұғаттау болмақ.
Осы орайда, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен ұдайы түрде интернет желісіндегі есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар насихатталған және заңсыз жарнамаланған жалпы 88 сайттар мен парақшалар анықталып, бұғаттау үшін құзырлы мекемелерге жолданған.
Сонымен қатар, аталған сайттар мен парақшалардағы жазбалар Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына қайшы келуіне орай, сондай-ақ ел аумағында таралуына тыйым салынуына байланысты, қазіргі таңда қала прокуратурасымен бірлесіп, оларды заңсыз деп тану және жабу үшін Азаматтық процестік кодекстің 54-бабы негізінде сотқа талап арыз енгізу жұмыстары басталды.
Одан бөлек, бүгінде полиция қызметкерлерімен аталған интернет сайттар мен парақшаларды бұғаттаумен ғана шектелмей, IT-мамандардың көмегімен оларды насихаттаған және заңсыз жарнамалаған тұлғаларды анықтауға бағытталған тиісті жедел жұмыстар жүргізуде.
Атап өту қажет, ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап елімізде есірткі заттарын интернет және әлеуметтік желілер арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының санкциясы бойынша, қылмыскерге жаза 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын орындарда БАҚ немесе электрондық ақпараттық ресурстарды, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалса, жаза 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде белгіленген.
Ал, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі заттарын сату 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соқса, есірткі заттарын қолдануға тарту 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Осыған байланысты, Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтардан аулақ болуға шақырады.
Сондай-ақ, есірткі заттарын анық және жасырын жарнамалау деректерін анықтаған шымкенттіктерден интернет сайттар мен парақшалардың сілтемелерін «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы 8-778-667-99-97 ұялы телефон нөміріне жолдауды сұрайды.