Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов 20-ға жуық азаматты қабылдады

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов 20-ға жуық азаматты қабылдады

30.09.2020 0 Автор mseditor

Тұрғындардың полицияға қатысты мәселесін, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында әр аптаның сәрсенбісінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов жеке қабылдау өткізіп келеді.

Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” атты тұжырымдамасына сәйкес полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде азаматтармен қолжетімді әрі тиімді байланыс орнатуға барлық жағдай жасалып отыр.

Бұл жолғы қабылдауға 20-ға жуық азамат алдын ала жазылған. Азаматтардың басым бөлігі алаяқтық, ұрлық, бос лауазымдық жұмыс орындары мен жер телімін заңсыз сатып жіберу жайттарына қатысты жүгінді. Қабылдауға келген зейнеткер азамат таныстары сеніміне кіріп, автокөлігін кепілге қойғанын айтып арызданды. Бейнетінің рахатын көретін шақта алаяқтардың арбауына түсіп қалған азамат мәселесінің заң аясында шешім тапқанын қалайды.

Сондай-ақ, қала тұрғыны баспанасын заңсыз сатып жібергендігі туралы арызданса, келесі азаматша автокөлігінің заңсыз бөгде адамға сатылып кеткені жөнінде айтып, Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтен жеке бақылауына алуын өтінді. Жалпы қабылдауға жазылған тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдаған департамент бастығы өзекті мәселелердің заң аясында шешілетінін жеткізді.