Полиция қызметкерлері жоғалған қызды тауып алды

Полиция қызметкерлері жоғалған қызды тауып алды

03.11.2020 Выкл. Автор mseditor

Ағымдағы жылдың 31 қазанында сағат шамамен 11:30-да Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы Полиция басқармасына Шымкент қаласы 8 мөлтек ауданының тұрғыны кәмелет жасқа толмаған қызының үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.

Шымкент қаласы Абай ауданы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің және Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен шұғыл топ құрылып, іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Жедел-іздестіру іс-шарасының барысында №787 Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері кішкентай қыз баланы Самал-3 шағын ауданы “Алматы” тасжолының бойымен кетіп бара жатқан жерінен тауып, ұзақ уақыт аш жүріп әлсіреп қалған жасөспірімге сусын және тәттілер алып беріп, мән-жайды анықтау үшін полицияға жеткізді.
Полиция қызметкерлері бүлдіршіннен үйден шығып кетуінің себебін сұрағанда, ол анасының ұрып-соғуына байланысты Сарыағаш ауданында тұратын әжесінің үйіне бару үшін үйден қашып кеткенін айтып түсіндірген. Тәртіп сақшылары айтылған сөздерді назарға ала отырып, жедел түрде Сарыағаш қаласында тұратын баланың туыстарымен байланыстырып, болған оқиғаны жеткізді. Тексеру барысында аталған азаматша кәмелет жасына толмаған балдарымен жалдамалы пәтерде заңсыз тұрғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы 5-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Яғни азаматшаның тұрғылықты мекенжайы Сарыағаш ауданында тіркелген.
Учаскелік полиция инспекторы және ювеналды полиция инспекторы азаматшаның үйіне барып әлеуметтік жағдайымен танысып, көршілердің пікірін тыңдап шықты. Өкінішке орай жасөспірімдердің анасы туралы оң пікір білдірмеді.
Азаматша қызын тауып берген полиция қызметкерлеріне алғысын жеткізіп, балдарымен бірге Сарыағаш қаласына оралатынын айтқан. Өз кезегінде полиция қызметкерлері оған Сарыағаш қаласына жетуіне көмектесті.