Өмірін әскери саламен байланыстырған ару

Өмірін әскери саламен байланыстырған ару

02.12.2020 Выкл. Автор mseditor

Болмысынан нәзік жандар қауымы бүгінде Қарулы Күштер қатарында аз емес, өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындап, әскери мамандықты табысты меңгеріп жүр.

Солардың бірі иығына погон таққан, әскери борышын ерлермен қатар орындап, ел іргесіне берік қорған бола алатын, отбасы құндылықтарын ту ететін білікті әскери қызметкерлер санатында жүрген кіші сержант Әйгерім Қалиева Шымкент гарнизонындағы әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етуде.

Өмірін әскери саламен байланыстырған арулардың бірі – Әйгерім, Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасы. 2013 жылыШымкент қаласындағы Қазақстан Халықтар Достығы университетіннің «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» жоғарғы мамандығы бойынша білім алған. 2014 жылы Шымкент қаласынан әскер қатарына шақыртылып, Арыс қаласының әскери бөліміне атысты қолдау ротасындағы «мерген» лауазымынан қызметін бастады. Қазіргі таңда 35748 әскери бөліміндегі мотоатқыштар батальонының маман (телефоншы) лауазымында әскери қызметін атқарып жүр.

Әскери қызмет өткеру жағдайлары қаншалықты қиын болса да, Әйгерім кез келген уақытта өзінің отан алдындағы борышын абыроймен атқаруда. Қызмет барысындағы атқарған істері мен жеткен жетістіктері мақтанарлықтай. 2015 жылғы Қарулы Күштеріміздің әскери парадына қатысқан. Бірнеше жыл қатарынан «Достастық жауынгері» дәрежесіне ие болып, сержанттар құрамы арасындағы жарыстажүлделі орындарды алды.

2017 және 2018 жылдары Армия халықаралық ойындарының «Әскери медициналық эстафетасы» сайысында Қарулы Күштеріміздің іріктеуінен өтіп, Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында еліміздің абыройын асқақтатып, қыздар командасы арасында 2-ші және 3-ші орындарды иеленген. Жеке аталымда «Үздік қатысушы» медалімен марапатталған. 2019 жылғы Өзбекстанда өткен Армия халықаралық ойындарының сайысында қыздар арасында жалпы командамен 2-ші орыниеленіп, екінші рет «Үздік қатысушы» атанған.

2020 жылы қаңтар айында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынының «Әлем жауынгері» және «Әскери медициналық эстафетасы» сайыстарының іріктеулерінен 1-ші орын иеленіп, «Шебер» сайысының үздігі атанған.

«Әйгерім нәзік болса да, әскери өмірдің қиыншылығы мен темірдей тәртібіне төзіп, ер азаматтармен тең деңгейде қызмет атқаруда. Ол өзінің тәртібі мен қойылған тапсырмаларды уақытылы орындауда әріптестеріне үлгі. Мінезі Ұлы Отан соғысында елі үшін жанын қиған Мәншүк, Әлия және Хиуаз апаларымыз секілдіқайсар. Ол батырлық, ержүректілік және Отанға деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдеп жүрген аруларымыздың бірі. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрқашан өзін жоғары деңгейден көрсетеді. Осындай батыр аруымыз арамызда қызмет атқаратынын мақтан етеміз»,

– деді батальон сержанты Ғалымжан Бәтешов.

Мамандықтың бәрі жақсы. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген даналық бар. Осындай өзінің жеке өмірімен,әскери өмірді қатар алып жүрген аруымызға қызметте сәттілік тілеп, алар асулары көп болсын дейміз.