ГЕНЕРАЛ – ГЕНАРАЛДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

ГЕНЕРАЛ – ГЕНАРАЛДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

01.10.2020 0 Автор mseditor

Шымкент қаласы Полиция департаменті генерал-майор Жеңісбай Сұлтановты қарттар мерекесімен құттықтады.

Сұлтанов Жеңісбай Әбдікерімұлы 1945 жылдың 20 қарашасында қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түлкібас ауданының Құрметті азаматы. Ұзақ жылдар бойы облыстық және Шымкент қалалық ішкі істер органдарында басшылық қызметін атқарған. 1995 жылы Президент Жарлығымен полиция генерал-майоры шенін алған. 1997 жылдан 2002 жылға дейін ҚР ІІМ мектебін басқарды. Осы мектептің колледж атанып, Бауыржан Момышұлы есімін алуына еңбек сіңірді.

Атқарған жұмысы еленіп, көптеген мемлекеттік наградаларға ие болды. Өз саласының биік шыңын бағындырды. Жеңісбай Әбдікерімұлының өнегелі өміржолы мен қажырлы еңбегі жас буынға үлгі әрі өнеге. Шымкент қаласы Полиция департаментінінің бастығы Ералы Жұмаханбетовтың арнайы құттықтауын департамент бастығының орынбасары Алмас Амзеев жеткізді.

«Деніңізге саулық, отбасына амандық тілеймін. Ардагерлер үнемі ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емес. Сондықтан аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі әрі тәлім-тәрбиесі жастар үшін аса құнды»,

– деді Алмас Балтабайұлы.

Мерекеде мерейі үстем болған ардагер Жеңісбай Әбдікерімұлы Полиция департаментінің бастығы Ералы Мұсаәліұлына рақметін айтып, жауапты қызметте табыс тіледі.