Ақтөбеде қарттар күнінде қария сотталғандарға қамқорлық жасалды

Ақтөбеде қарттар күнінде қария сотталғандарға қамқорлық жасалды

02.10.2020 0 Автор mseditor

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 түзеу мекемесі «1 қазан- Халықаралық қарттар күнінде» мекемедегі қарт сотталғандарды назардан тыс қалдырмай, оларға мерекелік концерт ұйымдастырды.

 

САҚШЫ инфо

САҚШЫ инфо

Мерекелік шараны ашқан Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында әлеуметтік- психологиялық және тәрбие жұмысы бөлімі тобының бастығы әділет капитаны Руслан Төлегенов:

«Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Жасы үлкенге құрмет ету -біздің ата дәстүрімізден сақталған жақсы қасиет. Сондықтан, бүгінгідей атаулы күнде сотталған қарияларды департамент және мекеме басшылығы атынан атаулы күнмен құттықтап, дендеріңізге саулық, амандық тілейміз.

Үміттеріңізді үзбей, бостандыққа тезірек шығып, отбасыларыңыз бен неремелеріңізге оралуларыңызға тілекшіміз»,

дей келе, жасы егде тартқан сотталғандарға “Сенім тірек” қоғамдық бірлестігі ұсынған бағалы сыйлықтарды табыстады.

 

САҚШЫ инфо

САҚШЫ инфо

Сотталған қарияларды құттықтауға мекемедегі жазасын өтеуші жастар да белсенділік танытты. Олар қарт сотталғандарға тілектерін арнап, әннен шашу шашты.Домбырамен термелер орындап, Махамбет пен Исатай батырдың жырларын жатқа айтып берді.

«Биылғы қарттар күні мерекесі ерекше аталып өтіп жатыр. Шараны ұйымдастырушылар біздің көңілімізді көтеріп, бағалы сыйлықтар таратты.

Жаза өтеу орнында жүрсек те, бізді елеп, арнайы құттықтағандары үшін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшылығына және мекеме әкімшілігіне,сонымен қатар шараны ұйымдастырушыларға айрықша ризашылық білдіреміз.

Ертең мекемеге менімен кездесу үшін жұбайым келеді. Оған осы бағалы сыйлықты көрсетіп, қуантатын боламын және немерелеріммен тезірек қауышқым келетінін жеткіземін»,

– дейді КА-168/2 түзеу мекемесіндегі 75 жастағы жазасын өтеуші сотталған.      

«Жалпы, аталған департаменттің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімі түзеу мекемесімен бірлесіп, жыл сайын қарттар күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған»,

деп хабарлады өз кезегінде Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.